Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі бастап, бүкіл халық қостап, Парламенттің қос палатасы, Үкімет қолдап, Конституциялық Кеңес растап, осыдан екі күн бұрын Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Үндеу арнауымен, «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қоюымен тиянақталған тағдырлы, тарихи шешім барша жұрттың көңілінен шығып отыр. Оны «Егемен Қазақстанның» әуелде ойластырылған екі бетіне сыймай, төрт бетін толтырып кеткен қуанышты қолдау сөздері жарияланған кешегі нөмірі де айғақтайды.
Әрине, халық кезектен тыс президенттік сайлауды өткізу жөніндегі бастаманы қолдағанда әйтеуір биыл сайлауды атқарып алайық, келесі жылғы парламенттік сайлаумен қабаттаспасын, Конституцияның талабы бұлжытпай сақталсын деп қана отырған жоқ. Халық бұл бастаманы қолдағанда ең алдымен елдің ертеңін ерте жарықта айқындайық, ел басқарудың екі тізгін, бір шылбырын елін сүйген, елі сүйген ерге берейік, әлемді буып тұрған экономикалық қиыншылықтарды Елбасымыздың басшылығымен бірге еңсерейік деп отыр. Сондай тұста елдің Президент өз Үндеуінде айтқан «Алдағы сайлауға өзімнің қатысатыныма орай шешімді мен кейінірек, еліміздің Конституциясы мен заңдарына толық сәйкес қабылдайтын боламын» деген ұстамды сөзіне үміт артатыны да анық. Өйткені, біз Нұрсұлтан Назарбаевтың егемендіктің елең-алаңында, Тәуелсіздіктің таңсәрі шағында айтқан «Мен елімнің жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын» деген сөзін ұмытпаймыз. Өйткені, біз Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл өмірін, бар білімі мен білігін, бар қабілеті мен қажырын халқына, тек халқына, тағы да халқына арнайтынына анық сенеміз.
Ал елдің ондай үмітін алдымен кімдер білдіре алады?
Кеңестік кезеңнің көрнекті жазушысы, орыс көркемсөзінің зергері Андрей Платоновтың «Қарт механик» деген әңгімесінде бір кейіпкер: «Без меня народ не полный!» дейтін еді. Қанатты сөзге айналып кеткен бұл тіркес әр адамның азамат және тұлға ретінде ел өмірінде өзінше алар орны бар екенін көрсетеді. Соның өзінде де ел сөзін ұстаған, ел үшін қалам ұштаған азаматтарымыздың – қаламгерлер қауымының мемлекеттің тыныс-тіршілігіндегі жолы бөлекше. Бұл дәл осы күндерде тағы да тамаша танылып отыр. Кеше Алматыда, Қазақстан Жазушылар одағында қаламгерлер қауымы бас қосып, алдағы сайлауға түсуге Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың келісім беруін сұраған мәлімдеме жасады. Астанадағы белді жазушылардың бір тобы редакциямызға хабарласып, осы мәселеге орай өз пікірлерін таралымы екі жүз мыңнан асатын ел газеті арқылы жеткізуді сұрады. Қаламгерлер қауымының лебіздер топтамасын «Егемен Қазақстанның» бүгінгі нөміріне (2-ші бетке) жариялай отырып, осынау ортақ ой барша жұртшылықтың көңілінен шығатынына, бүкіл халықтың қолдауына ие болатынына нық сенімімізді білдіреміз.
Сонымен, елдіктің тағы бір сын сағаты соққалы тұр. Еліміз жасампаздық жолын жемісті жалғастыра берсін десек, мемлекетіміз біздің өзімізге қатысы жоқ себептермен бетпе-бет келіп отырған қиындықтарды табысты еңсерсін десек, ішкі және сыртқы саясатымыздағы сабақтастық сәтті сақталсын десек, халқымыздың көңіл-күйі алдағы кезде де алаңсыз болсын десек, ертеңгі күніне сенімді болсын десек, біз Қазақстанды осы жылдар ішінде бір асудан бір асуға бастап келе жатқан, туған елін әлем танитын, санасатын, құрметтейтін елге айналдырған Азаматқа – Нұрсұлтан Назарбаевқа халық атынан ұсыныс айтуға, үміт артуға, елі үшін кесімді шешім қабылдауын сұрауға тиіспіз. Ол шешім Елбасының өзінен де бұрын өзі жанындай сүйетін, суығына тоңып, ыстығына күйетін елі үшін керек, ортақ Отанымыз – Қазақстанның болашағы үшін керек.
Қысқасы, Елбасына тілегімізді қазақы қайырымға салып түйіндесек:
Желбіретуге ел туын,
Шығыңыз тағы бел буып!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.